Новости

Скимминг дегеніміз не және одан қалай қорғануға болады?

Жаңалықтар
Скимминг – бұл алаяқтардың арнайы құрылғылар арқылы банк картасының магниттік жолағынан ақпаратты оқып алатын алаяқтықтың бір түрі.
Олар шағын камераны, банкомат пернетақтасына жапсырманы немесе картаның магниттік жолағынан ақпаратты оқып алатын скиммерді қолдану арқылы PIN-кодты біліп алуы мүмкін.

Скиммер қандай болады?

Скиммер екі бөліктен тұрады:
1.      Жапсырма – банкоматтың карта қабылдағышына (кардридеріне) бекітілетін оқып алу құрылғысы. Яғни, карта алдымен осы жапсырмадан өтіп, содан кейін транзакция жасау үшін карта қабылдағышқа барады.
2.      Шағын түрлендіргіш, жасырын бейнекамера және жапсырма пернетақта – жалған пернетақта нағыз пернетақтаның үстіне қойылады, камера сіз енгізген PIN-кодты тіркеп алады, ал түрлендіргіш картадан алынған деректерді сандық кодқа түрлендіреді.

Сіз қолма-қол ақшаны алу арқылы ғана емес, сонымен қатар тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде де скиммингтің құрбаны бола аласыз. Картаңыздың деректерін кез келген адам – жосықсыз даяшылар, кассирлер, қонақүй қызметкерлері көшіріп алуы мүмкін.

Тасымалданатын скиммерлер мен POS-терминалдарға бекітілетін үлгілер де бар

Скиммерлер жиі сенім тудырарлықтай көрінеді және кәсіби деңгейде жасалған. Алаяқтар әр банкомат үшін түсі мен пішініне сәйкес келетін құрылғыны таңдай алады. Әдетте олар банкоматтың өзінен ерекшеленбейді, сондықтан ықтимал құрбандар арасында күдік туғызбайды.
Скимминг банкоматтарға шабуыл жасаудың ең кең тараған әдісі болып қалуда. Магниттік жолақты карталар бар болғанша, алаяқтықтың бұл түрі өмірімізде орын ала бермек. 

Өзіңізді алаяқтықтан қалай қорғауға болады

Банк карталарының иелеріне арналған бірнеше ұсыныс:
  1. банкоматты пайдаланған кезде оның алдыңғы жағын тексеріңіз – пернетақта мен карта қабылдағышта күдікті құрылғылардың жоқ екеніне көз жеткізіңіз;
  2. PIN-кодты терген кезде, бос қолмен пернетақтаны жабыңыз, осылайша сіз банкоматта жасырын камера болса, ақпаратты оқып алуға жол бермейсіз;
  3. банк бөлімшелерінде немесе жақсы қорғалған кеңселерде орналасқан банкоматтарды қолданыңыз, себебі скиммерлер әдетте көшедегі, жанармай құю бекеттері, дүкендер мен кафелердің жанындағы терминалдарды таңдайды.

Скиминг туралы тағы да мәліметтер:

  • 2017 жылдың қазан айында АҚШ-та бірнеше жыл бойы скиммингпен айналысқан Иорданияның тумасы Атеф Әлхатиб сотталды. Ол Оңтүстік Калифорния қалаларын аралап жүріп, банкоматтарға карталардың магниттік жолақтарынан ақпаратты оқып алуға арналған құрылғыларды орналастырған, сондай-ақ банкоматтарға жасырын бейнекамераларды орнатқан – бұл оған PIN-кодтарды біліп алуға мүмкіндік берді. Қылмыскер өз үйінде бұзылған карталардың телнұсқаларын жасайтын цех құрған. Бұл адам үш жыл ішінде Wells Fargo және басқа да американдық банктердің 13 мыңнан астам клиенттерінің қаржылық ақпаратын ұрлаған. Келтірілген шығын бірнеше миллион долларды құрады.
  • Жанармай құю бекеттеріндегі төлем терминалдары скиммерлердің алаяқтық әрекеттері жиі орын алатын объектілер болып табылады. Колорадода он екі алаяқтан тұратын топ залалсыздандырылды. Олар бірнеше штаттағы жанармай құю бекеттерінде заңсыз әрекеттер жасаған. Қылмыстық топ мүшелері 8 мыңнан астам құрбанның қаржылық мәліметтерін бұзып, 2,5 мың долларға жуық шығын келтіріп үлгерді. Сонымен қатар, ұсталғандардың ақшаны жылыстатудың халықаралық желісіне қатысы бар екені белгілі болды.